«Ақтөбе»-90Басты жаңалықтар

Мал өсірсең, қой өсір…

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін КСРО басшылығы жасаған жоспарға сай, Қазақстанда, негізінен, мал шаруашылығын дамыту көзделді.

Дегенмен төрт түлікті малдың бәрін де өсіруге бағытталған бастапқы жоспар тың игеру жылдарында өзгеріске ұшырады. Никита Хрущевтің билігі тұсында жылқы мен түйе шаруашылығына жеткілікті мән берілмеді. Егер 1940-1950 жылдар аралығында облыста жылқы саны 18,3 мың басқа көбейген болса, одан кейінгі онжылдықта, керісінше, 6,7 мың басқа азайды. Бұл тұста мал шаруашылығындағы басым бағыттар — ірі қара мен қой шаруашылығы болды.

1959 жылы КСРО-да халық шаруашылығын дамытудың жетіжылдық жоспары жария етілгені белгілі. Соған сәйкес1965 жылдың соңына дейін облыста «мал басын мықтап өсіру», соның ішінде колхоздар мен совхоздардағы қой санын 5 миллионға жеткізу көзделіпті.

Ірі қараның санын 390 мың басқа жеткізіп, сондай-ақ шошқа мен құстың санын да көбейту жоспарланған. Жылқы мен түйе саны бұл жоспарға енбеген. Аудандардың арасында Ойыл, Байғанин, Шалқар өңірлеріне бірыңғай қой етін өндіру мен тапсыру жүктелсе, Қобда, Мәртөк, Степной және Ключевой аудандары шошқа етін өндіруде алдыңғы орыннан көрінуі тиіс еді.

Басты мақсат — мемлекетке неғұрлым арзан ет пен сүт өнімдерін өткізу болды.1959 жылы мемлекетке 47 мың тонна ет тапсыру жоспарланса, 1965 жылы бұл көрсеткішті 121 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті алға қойылды. Ал сүт өндіруді 182 мың тоннаға жеткізу көзделді.

Расында,облыс шаруашылықтары 1958 жылы мемлекетке етті, 1956 жылмен салыстырғанда, арзанға тапсырған. Мысалы, сиыр етінің әрбір центнері 220 сомға, қой еті 100 сомға, шошқа еті 300 сомға, жүн 700 сомға арзандапты.

Көздеген мақсатқа жетудің тиімді бір жолы — облыстар арасында социалистік жарыс ұйымдастыру деп есептелген. Жетіжылдықтың алғашқы жылында, яғни 1959 жылы Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары жарысқа түсіпті. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біздің облысет дайындау жоспарын —304,4 пайызға, ал көрші өңір 221,1 пайызға орындаған.

Бірінші тоқсанның қорытындысына байланысты «Коммунизм жолы» газетінің 7 сәуірдегі санында былай деп жазылыпты: «Ақтөбеліктер ет дайындауда батысқазақстандықтардан алда бола тұра, халықтан мал сатып алудан кейін қалып қойды. Батыс Қазақстан облысы бойынша бірінші сәуірге дейін шаруашылықтардың фермаларын толықтыру үшін 24 785 ірі қара, 4493 қой, 2 мың шошқа, 458 жылқы сатып алынды. Ал Ақтөбе облысында небәрі сатып алынған ірі қара — 21 648, қой — 2 687, шошқа 812 және жылқы 634 бастан асқан жоқ. Ақтөбе облысының колхоздары мен совхоздары ет өндіруде осы сияқты өздеріндегі көптеген ішкі мүмкіншіліктерді дұрыс пайдалана алмай отырғанын атап айту керек».

Келесі 1960 жылалға қойылған 5 миллиондық меженің тіпті де оңай еместігін көрсетті. Осы жылдың бірінші жартысының өзінде облыста қой санын 17,6 пайызға өсіру жоспарланса, оның орнына өсім 13,5 пайыз ғана болды.

Сол кездегі сала басшыларының түсіндіруінше: «Мұның басты себептері, ең алдымен, бағым-күтімнің кемдігінен, шаруашылық басшыларының, мал мамандарының тарапынан малшылар арасында ұйымдастыру, бұқаралық-түсінік жұмыстарының нашар жүргізілуінен болып отыр. Өткен қыстың аяқ шенінде жемшөп түгесілуі салдарынан бірсыпыра шаруашылықтарда көптеген мал жүдеп, өлім-жітімге ұшырағаны рас. Бірақ қыс өткеннен кейін, көктемде, мал жаппай төлдеген кезде де ірі малдың, әсіресе төлдердің өлім-жітімі көп болды. Сондықтан да облыста міндеттеме бойынша төлдейтін әрбір жүз малдан 94 бұзаудың орнына 73 бұзау, 102 қозының орнына 90 қозы алынып отыр».

Кейбір аудандарда, мысалы, Степной мен Қобдада көрсеткіштер бұдан әлдеқайда төмен болған.

Осыған байланысты одан әрі малды шығынға ұшыратуға қатаң тыйым салынған. «Коммунизм жолы» газетіне шыққан «Қоғамдық малды шығынға ұшыратуға тыйым салынсын» атты мақалада: «Мұнымен қатар «ішкі қажетке» деген желеумен қоғамдық малды оңды-солды сату, сою сияқты әрекет әлі тыйылмай келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында осындай ретпен шығын болған мал саны, барлық түлік бойынша 10 мың бастан асып кетті. Соның ішінде бір ғана Байғанин ауданының шаруашылықтары былтырғы осы уақыттағыдан 1300 бас, Ойыл ауданы 1500 бас малды артық жұмсап жіберді», — деп көрсетілген.

Осы тұста малшылар қатары жастармен толыға бастаған. Жоғарыда аталған мақалада: «Соңғы жылдары малшылар құрамы жаңара бастады. Мал шаруашылығына сауатты жастар көп барып жатыр. Бірақ олардың өмір тәжірибесі әлі аз. Сондықтан оларға көмек керек. Бұл жөнінде мал бағудың зоотехникалық-малдәрігерлік ережелерін оларға үйретумен қатар, қарт малшылардың тәжірибесін кеңінен тарату керек», — деп атап өтіліп, бұл істі ұйымдастыруды комсомол ұйымдарына жүктеген.

Жеті жыл ішінде қой санын 1,9 миллионнан 5 миллионға дейін өсіру тым ұшқары жоспар болса керек. Облыстық архивте сақталған деректерге сай, 1960 жылы облыста 1,915 мың бас қой болса, 1965 жылы ол 1,953 басқа ғана жетті. Көріп отырғаныңыздай, өсім небәрі 38 мың басты құрады.

Жалпы, қой санын, сол кездегі баспасөзде жазылғандай, «мықтап өсіру» міндетінің ауыр жүгі қазақтың жастарына, тіпті оқушы балалардың иығына да түсті. Мектеп бітірген жастар алдымен жер-жерлерде қой шаруашылығын өркендету ұранымен құрылған комсомол-жастар бригадаларына 1-2 жыл «еңбегін сіңірмесе», жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмайтын еді. Бұл талаптың қаншама талантты жастың тағдырына кері әсер ететінін ескеріп жатқан ешкім де болмады.

Кеңестік заманда республикадағы шопандардың 98 пайызы қазақтар болды. Қой өсіру қазақтың атакәсібі ретінде насихатталды, ал осы сала еңбеккерлері «екінші тыңның ерлері» депдәріптелді. Сол кездегі қазақ баспасөзіне үңілсек, әр басылымның әр нөмірінен дерлік шопандардың еңбектегі жетістігі туралы шағын да болса бір мақала не тіпті очерк оқыған болар едік.

Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1959 жылғы 20 қаңтардағы санынан «Төкен шопан болды» деген шағын ғана дүние кезікті. Оны Жұрын ауданының «Жаңа тұрмыс» колхозынан Қ.Кенжебаев жазыпты. Былай дейді: «Төкен Сәрсенов 1955 жылы міндетті әскери борышын өтеп, туған колхозына оралған еді. Орта білімі бар қайратты жас жігіт колхозға келген алғашқы күндерінен бастап-ақ шаруашылық жұмыстарына қызу араласып кетті. 1957 жылы механизаторлар курсын бітіріп, тракторист мамандығын алып шықты. Өткен жылы егін жинау жұмыстарына қатысты. Бірақ Сәрсенов колхоз шаруашылығының негізгі саласы — мал шаруашылығына тұрақты жұмысқа баруды көптен аңсаған еді. Жақында жас жігіттің бұл арманы жүзеге асты. Колхоз басқармасы оның арызын қарап, Сәрсеновті шопан етіп бекітті. Қазір оның отарында 680 бас тоқты бар. Төкен өз отарын қыстан күйлі, қоңды етіп шығару үшін күресуде…».

Міне, шопандық өмірге енді ғана аяқ басқан жастың өзі осындай жылы сөзден, құрметтен кенде қалмаушы еді. Шопандар еңбегінің арқасында 1980 жылы облысымызда қой-ешкінің саны 2,8 миллионнан асты. Ал бұл байлық кешегі Кеңес Одағы ыдырап, жұмыссыздық белең алып, жұрт дағдарған тұста, халықтың, әсіресе ауылдың күнкөріс көзіне айналды. Расына келгенде, қазақтың артқа сақтаған қоры сынды пайдаға асты. Яғни шопандардың еңбегі, төккен тері, көрген бейнеті текке кеткен жоқ.

Әрине, қолдағы малдың берекесіз жұмсалған, еш қамсыз, не болса соған, тіпті арақ-шарапқа да алмастырылған тұстары да болды. Мұның өзі кеңестік заманның соңғы жылдарынан басталған келеңсіздік екенін де баспасөз беттерінен аңғаруға болады.«Коммунизм жолы» газетінің 1988 жылдың 29 наурыз күнгі санында Қобда ауданында соңғы үш жылда «60 мыңнан астам қой өлім-жітімге ұшырады, 32 мыңдай қой «амалсыздан» сойылып, осының барлығынан 1,8 миллион сом зиян келді. Өткен жылы саулық бағатын 149 шопанның 66-сы ғана төл алу жоспарын орындады» — деген деректер келтірілген. Осы аудандағы Ильич атындағы колхоздың озат шопаны, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Орынбасар Сағиев бұл жағдайға шаруашылық басшыларынкінәлі деп есептейтінін жеткізген.Қайткенде де, кеңес заманының соңғы тұсындағы шаруашылық басшыларының бұрынғыдай қой шаруашылығын өркендетуге емес, керісінше, бұл түлікті түрлі «айырбасқа» тиімсіз қолдану, мал басын өсіруге немкеттілік секілді әрекеттері кейінгі берекесіздіктерге жол ашып кетті…

Соның зардабын бүгінге дейін тартып отырмыз. Мысалы, біздің облыста 1991-2020 жылдар аралығында жылқы саны 86 пайызға өсіп, 77, 6 мың бастан 144,3 мың басқа жеткен. Ал түйе саны үш есеге жуық өскен. 1991 жылы облыста 6,2 мың бас түйе болса, 2020 жылдың соңында бұл көрсеткіш 17,8 мыңға жетті. Ірі қара саны да 1991 жылғы көрсеткіштен асып кетті. Тек қой санын ғана кеңес заманындағы межеге әлі жеткізе алмай келеміз. Дегенмен соңғы жылдары мұнда да өсім бар: егер 2021 жылы облыста 1,153 мың бас қой болса, биыл оның саны 1, 220 мыңнан асты.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button